Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Қазақтар мен қырғыздарды қорлаған Екатерина Бивол жұмысқа жегілетін болды

29.01.2026, 17:14

Іс материалдарының егжей-тегжейі жарияланған жоқ

Қазақтар мен қырғыздарды қорлаған Екатерина Бивол жұмысқа жегілетін болды
әлеуметтік желі

29 қаңтарда Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық соты қазақтар мен қырғыздарға тіл тигізген видеоға байланысты резонанс тудырған іс бойынша Екатерина Биволға қатысты шешім шығарды. Бұл туралы соттың ресми Telegram-арнасында хабарланды.

Сот мәліметінше, Екатерина Бивол Ресей Федерациясының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 20.3.1-бабы («Араздық немесе өшпенділік қоздыру, сондай-ақ адам қадір-қасиетін кемсіту») бойынша кінәлі деп танылған.

Сот шешімімен Екатерина Биволға 60 сағат міндетті қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды.

Іс материалдарының егжей-тегжейі жарияланған жоқ. Сондай-ақ тараптардың ұстанымы немесе үкімге шағым түсіру мәселесі туралы ақпарат берілмеді.

Екатерина Бивол ТМД елдерінде кең резонанс тудырған жанжалдан кейін бірнеше елде тергеу нысанына айналған. 2025 жылдың қазан айында ол әлеуметтік желіде көлік жүргізіп келе жатып, түрлі ұлт өкілдеріне, соның ішінде қазақтар мен қырғыздарға қатысты балағат сөздер айтқан видеоны жариялаған.

Осы оқиғадан кейін:

  • Қырғызстанда оған қатысты ұлтаралық араздықты қоздырды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, сырттай қамауға алу жөнінде шешім шықты;
  • Қазақстанда Ішкі істер министрлігі Екатерина Биволды іздеуге жариялап, экстрадиция мәселесі қарастырылуы мүмкін екенін мәлімдеген;
  • Ресейде әкімшілік іс тіркеліп, сотқа жолданған.

Сотта ұсынылған лингвистикалық сараптама қорытындысында Биволдың сөздері ұлты, тілі мен шығу тегіне қарай біріктірілген адамдар тобына қарсы жағымсыз баға беретінін, ал бұл бағаның балағат және бейәдеп лексика арқылы жеткізілгені көрсетілген. Сонымен қатар, мәтінде бір ұлтты екіншісінен «табиғи (генетикалық) тұрғыда артық қою» белгілері бар екені айтылған.

Бұл – Екатерина Биволдың аты аталған жалғыз сот процесі емес. Бұған дейін оның бұрынғы жұбайы, кәсіпқой боксшы Дмитрий Бивол клевета бойынша сотта жеңіске жеткен. Сот Екатерина Биволдың әлеуметтік желілерде жариялаған мәліметтері шындыққа сәйкес келмейді деп танып, оларды алты ай бойы ашық түрде жоққа шығаруды міндеттеген.

Дмитрий мен Екатерина Бивол 2023 жылдың маусымында ресми түрде ажырасқан. Екі бала – Мирон мен Никон – анасымен қалған. Осыдан кейін Екатерина Бивол алимент мөлшерін арттыруды талап етіп, экс-жұбайымен ашық жанжалға барған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам