Оның пайымынша, бұл әрекеттердің артында саяси астар жатыр
Бокстан Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің күміс және қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев өзіне қастандық жасалғанын айтып, полиция мен прокуратурадан көмек сұрады.
Оның айтуынша, 2025 жылдың мамыр айында қазақстандық екі азамат оны Стамбұлға (Түркия) бапкер болуға шақырады. Шытырман оқиғаның бәрі осы сапардан соң басталған.
«Стамбұлға барғанда сол азаматтардың үйінде он күндей тұрдым, екеуіне бапкер болып, жаттығулар жасадық. Елге оралғаннан кейін Шыңғыс Мұқашев қайта хабарласып, бір-екі азаматтың аяқ-қолын сындыру керектігін айтты. Мен үзілді-кесілді бас тарттым», - дейді Олимпиада жүлдегері.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін Еркебұланға Түркиядан тағы да қоңырау түскен.
«Биыл қаңтар айында олар тағы хабарласып, Түркияға тағы шақырды. Әрі бапкер боласың, әрі жаңа жоспарлар бар деді. Мен барған соң әуежайдан күтіп алып, Стамбұлдан 150-200 шақырым алыстағы ну орманға алып барды да, тастанды ғимаратқа кіргізді. Басыма оқталған пистолет тақап, бір қағаздарды көрсетті, «ҰҚК-ның өкілімін деп айтасың» деп мәжбүрледі. Мен қорыққанымнан талап еткеннің бәрін айтып бердім», - дейді Е.Шыналиев.
Оның сөзінше, орманда тағы бірнеше адам болған. Бәрі де Орта Азиядан Түркияға қашып барған сақалды жігіттер көрінеді.
«Менің ойымша, олар Түркия билігінен саяси баспана сұрап алу үшін осындай әрекетке барды», - деп болжамын айтты спортшы.
Видеоүндеу соңында Олимпиада жүлдегері ҚР Ішкі істер министрлігінен және Бас прокуратурадан көмек сұраған.