Кәсіпқой рингте 30 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сін нокаутпен жеңген.
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Канат Ислам Қазақстанның жастар құрамасына координатор болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Канат Ислам 1984 жылы дүниеге келген. Ол – WBA FedeCaribe нұсқасы бойынша чемпион атанған тәжірибелі кәсіпқой боксшы. Әуесқой бокста Қытай құрамасының сапында өнер көрсетіп, Бейжің Олимпиадасының, әлем чемпионатының және Азия ойындарының қола жүлдегері болды.
2010 жылдан бастап Қазақстан азаматы атанған спортшы «Астана Арландары» клубы сапында да өнер көрсетті. Кәсіпқой рингте 30 жекпе-жек өткізіп, оның 22-сін нокаутпен жеңген.
Енді Канат Ислам Қазақстанның жастар құрамасының жұмысын үйлестіріп, ұлттық құраманың халықаралық деңгейдегі нәтижелерін жақсартуға өз үлесін қосады деп күтілуде.
Айта кетейік, оның соңғы жекпе-жегі 2022 жылдың қазан айында АҚШ-тың Плант-Сити қаласында өтті. Бұл кездесуде ол аргентиналық Хавьер Франсиско Масьельді төрешілер шешімімен жеңген еді.
Канат Ислам кәсіпқой мансабында бірінші орта салмақта WBA Inter-Continental, WBO NABO, WBO Inter-Continental, WBA Fedelatin және WBA Fedecaribe сияқты бірнеше беделді титулдардың иегері атанған.