Біріншілік Моңғолияда өтіп жатыр.
Ұланбатырда (Моңғолия) өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында күтпеген нәтиже тіркелді.
Өзбекстан құрамасының 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін боксшысы Хавасбек Асадуллаев 1/8 финалда үндістандық Дипакпен жұдырықтасты. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті 3:2 есебімен қарсыласқа беріп, Асадуллаев жарыс жолынан шығып қалды. Осылайша үндістандық спортшы ширек финалға жолдама алды.
Өзбекстан құрамасы жарыстың алғашқы күнінде екі былғары қолғап шеберінен айырылды. Бұған дейін әйелдер арасында 54 келіде Хуморабону Мамажонова алғашқы жекпе-жегінде тайландтық қарсыласына есе жіберген – 0:5.
Бұған дейін Қазақстан құрамасынан да екі боксшы чемпионатты ерте аяқтады. 51 келіде Жазира Орақбаева КХДР өкілі Кум Бол Анмен айқаста үшінші раундта жарақат алып, жеңіліс тапса, 54 келіде Элина Базарова үндістандық Притиге 0:5 есебімен жол берді.
Айта кетерлігі, сары құрлық біріншілігінде 70 келіде еліміздің атынан 2025 жылғы әлем чемпионы Төрехан Сабырхан бақ сынап жатыр.
Жалпы, Хавасбек Асадуллаев – қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс есім. 2024 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатының финалында ол қазақстандық Абылайхан Жүсіповтің иығын тістеп алғаны үшін дисквалификацияланып, чемпиондық атақ жерлесімізге берілген еді.
Еске сала кетейік, бокстан Азия чемпионаты 10 сәуірге дейін жалғасады.