Қазақстандық боксшы қазір АҚШ визасын күтіп отыр
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының командасы алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Qazaq Style» командасының мәліметінше, қазақстандық боксшы қазір АҚШ визасын күтіп отыр және құжат дайын болған жағдайда жақын күндері Америкаға аттанады.
«Бәрі қайта басталды! Жақсы басталған сияқты. Жанкүйерлер, сіздерге мың алғыс! Өз қазағым деп өте жоғары деңгейде қолдау көрсетіп жатырсыздар. Қазір визаны күтудеміз. Бұйыртса, жақын күндері Америкаға аттанамыз», – деп жазды «Qazaq Style» командасы.
Еске салайық, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы ресми түрде суперорта салмақ дәрежесіне ауысқанын жариялаған болатын. Осыған байланысты ол орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан бас тартты. Кейін ұйым қазақстандық боксшыны жаңа салмақ дәрежесінің рейтингінде екінші орынға орналастырды.
Қазіргі уақытта Әлімханұлы допингке байланысты берілген уақытша дисквалификациясын өтеп жатыр. Оның жаза мерзімі осы жылдың желтоқсан айында аяқталады. Осыдан кейін қазақстандық былғары қолғап шебері шаршы алаңға қайта оралып, суперорта салмақтағы мансабын бастайды.