33 жастағы пуэрторикалық боксшы Причард Колон соңғы рет Террелл Уильямспен жұдырықтасқан
Пуэрторикалық боксшы Причард Колон 33 жасында өмірден өтті. Бұл туралы спортшының әкесі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Колонның есімі 2015 жылғы жекпе-жектен кейін кеңінен танылды. 2015 жылғы 17 қазанда АҚШ-та өткен кездесуде ол жеңіліп көрмеген Террелл Уильямспен жұдырықтасқан.
Жекпе-жек барысында Колонның басының артқы бөлігіне бірнеше рет соққы тиген. Бокста мұндай соққыларға қатаң тыйым салынған. Тоғызыншы раундта пуэрторикалық боксшы екі рет нокдаунға түсіп, оның командасы кездесуді жалғастырудан бас тартқан.
Нәтижесінде Террелл Уильямс дисквалификация арқылы жеңімпаз атанды. Алайда жекпе-жектен кейін Колонның жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер оның миына қан құйылғанын анықтады.
Боксшы кейін жеті ай комада жатты. Оянғаннан кейін де алған ауыр жарақатынан толық айыға алмады. Содан бері оның күтімімен отбасы мүшелері айналысып келген.
Бұл кездесу Колонның кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегі болды.