ҚПЛ 20-тур: Ордабасы көшбасшы болды. Ақтөбе қазақ бапкерлерге неге сенбейді? Қайрат ЛЧ-ге дайын

Баходир Жалолов әуесқой боксқа қайта оралуы мүмкін

17.08.2026, 16:41

Боксшы Азия ойындарында Өзбекстан құрамасы сапында өнер көрсетуі мүмкін

Баходир Жалолов әуесқой боксқа қайта оралуы мүмкін
Olympic.uz

Өзбекстанның аса ауыр салмақтағы атақты боксшысы Баходир Жалолов әуесқой боксқа қайта оралып, 2026 жылғы Азия ойындарында Өзбекстан құрамасы сапында өнер көрсетуі мүмкін.

Бұл туралы өзбекстандық журналист Джалол Ахмедов мәлімдеді. Ол ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындығы кезінде түсірілген видеоны жариялаған. Кадрларда Жалоловпен бірге кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген Бектемир Меликузиев те жаттығу жасап жүр.

Журналисттің жазуынша, қос боксшының да Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысуы күтіледі. Дегенмен әзірге бұл ақпаратты Өзбекстанның бокс федерациясы ресми түрде растаған жоқ.

Баходир Жалолов әуесқой бокстағы мансабын 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейін аяқтаған еді. Ол Франция астанасында аса ауыр салмақта алтын медаль жеңіп, қатарынан екінші Олимпиада чемпионы атанды. Осы жетістіктен кейін өзбек боксшысы кәсіпқой рингке толықтай ауысатынын мәлімдеді.

Содан бері Жалолов кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның екі кездесуі төрешілердің бірауызды шешімімен аяқталса, бір қарсыласын нокаутпен жеңді.

Егер Жалолов Азия ойындарына қатысатын болса, оның әуесқой боксқа қайта оралуы жарыстың ең қызықты оқиғаларының біріне айналмақ. Себебі өзбек боксшысы бұл додаға Олимпиаданың екі дүркін чемпионы мәртебесімен келеді.

Ал Бектемир Меликузиев кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегін 2026 жылғы ақпанда өткізген.

2026 жылғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам