WBC Нұрсұлтанов пен Рамос арасындағы титулдық айқасты жариялады

WBC Мейірім Нұрсұлтановтың чемпиондық жекпе-жегін ресми растады

instagram.com/wbcboxing
instagram.com/wbcboxing

Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC) қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов пен америкалық Хесус Рамос арасындағы чемпиондық жекпе-жектің ресми постерін жариялады.

Орта салмақтағы кездесу 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында өтеді. Бәсекеге Рамосқа тиесілі WBC нұсқасының уақытша әлем чемпионы атағы тігіледі.

Мейірім Нұрсұлтанов WBC рейтингінде бірінші орында тұр. Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық 20 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, 11 қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатқан.

Ал Хесус Рамостың еншісінде 24 жеңіс пен бір жеңіліс бар. Америкалық боксшы 19 кездесуін нокаутпен аяқтаған.

Бұл Нұрсұлтановтың үш жылға жуық үзілістен кейінгі алғашқы жекпе-жегі болмақ. Ол соңғы рет 2023 жылы Ташкентте шаршы алаңға шығып, чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді.

Нұрсұлтанов пен Рамос арасындағы кездесудің жеңімпазы WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы толыққанды әлем чемпионы атағына міндетті үміткер мәртебесін алады. Қазір бұл белбеу Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамеске тиесілі.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам