Дэвид Бенавидес: Бүгінгі деңгейіме Головкиннің арқасында жеттім

Бенавидес 15 пен 19 жас аралығында Головкиннің негізгі спарринг серіктерінің бірі болған

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

Америкалық боксшы Дэвид Бенавидес Геннадий Головкинмен өткізген спаррингтері мансабына үлкен әсер еткенін айтты.

«Әуесқойлар арасында небәрі 15 жекпе-жек өткіздім. Негізі, менің әуесқой бокстағы басты тәжірибем әлем чемпиондарымен өткен спаррингтер болды. Бүгінгі боксшы болып қалыптасуыма Головкиннің қосқан үлесі зор», — деді Бенавидес.

Америкалық спортшының сөзінше, Головкинмен жаттығулар нағыз жекпе-жекке ұқсайтын. Қазақстандық боксшы соққыларын бар күшімен жұмсағандықтан, Бенавидес қорғанудың және соққыдан жалтарудың түрлі тәсілін үйренуге мәжбүр болған.

«Ол мені үнемі жаңа деңгейге көтерілуге итермеледі. Соның арқасында көп нәрсе үйреніп, рингтегі ойлау қабілетімді жетілдірдім. Головкин — тамаша адам әрі рингте де, одан тыс жерде де ұлы чемпион. Мен оған көп нәрсе үшін қарыздармын», — деді ол.

Бенавидес 15 пен 19 жас аралығында Головкиннің негізгі спарринг серіктерінің бірі болған. Олар соңғы рет қазақстандық боксшының Дэниел Джейкобсқа қарсы 2017 жылғы жекпе-жегіне дайындық кезінде бірге жұмыс істеген.

Дэвид Бенавидес соңғы кездесуінде Хильберто Рамиресті алтыншы раундта нокаутқа түсіріп, бірінші ауыр салмақтағы WBA және WBO чемпиондық белбеулерін иеленді. Оның еншісінде 32 жеңіс бар, соның 26-сын нокаутпен аяқтаған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам