Қазақстандық боксшы алғашқы жекпе-жегінің күнін жариялады
Қазақстандық белгілі боксшы Айдос Ербосынұлы ұзақ үзілістен кейін рингке қайта оралатынын жариялады. Оның алғашқы жекпе-жегі 6 қарашада Қазан қаласында өтеді.
Бұл туралы спортшы Instagram парақшасында жазды.
«6 қараша – Қазандағы келесі жекпе-жегім. Үзілістен кейін рингке қайта оралып, жаңа белестерге қарай жолымды жалғастыруға дайынмын», – деп жазды Айдос Ербосынұлы.
Боксшының бұл жаңалығын жанкүйерлері жылы қабылдап, пікірлерінде қолдау сөздерін қалдырды.
«Тек алға!», «Саған сәттілік тілейміз!», «Абай бол, бауырым. Денсаулық бәрінен маңызды», «Жеңіспен орал!», – деп жазды олар.
Айта кетейік, Айдос Ербосынұлы соңғы жекпе-жегін 2022 жылы қарашада АҚШ-тың Миннеаполис қаласында кубалық Давид Моррелге қарсы өткізген. Қазақстандық боксшы қарсыласынан нокаутпен жеңілгеннен кейін ауруханаға жеткізіліп, бірнеше күн бойы комада жатты. Кейін оған ота жасалды.
Осыдан кейін Ербосынұлы кәсіби бокстағы мансабын жалғастыруға уақытша үзіліс алған еді.