Мейірім Нұрсұлтанов Карлос Адаместің мансабына қауіп төндіріп тұрғаны айтылды
Boxingnews24.com сайты WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамес үшін Қазақстанның міндетті үміткері Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек өткізу тиімсіз шешім болуы мүмкін екенін жазды.
Бұған дейін WBC Адамеске Нұрсұлтановпен чемпиондық атағын қорғау туралы міндеттеме жүктегені белгілі болды. Қазақстандық боксшы бұған дейін WBC-нің уақытша чемпионы Хесус Рамоспен жұдырықтасуы керек еді. Алайда америкалықтың денсаулығына байланысты бұл жекпе-жек өтпей қалды.
Boxingnews24.com авторының пікірінше, Адамес үшін Нұрсұлтановпен айқастың қаупі жоғары.
«WBC Адаместі тығырыққа тіреді. Пайдасы мол чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жегінің немесе танымал қарсыласпен кездесудің орнына Адамес Мейірім Нұрсұлтановпен жұдырықтасуы керек. Бұл – «оған кім қызығады?» деген сұрақтың ең нашар мысалдарының бірі.
Нұрсұлтанов – әуесқой бокстағы мектебі мықты, сабырлы әрі қайсар қазақстандық боксшы. Ол жекпе-жектің әр раундын қарсыласы үшін физикалық тұрғыдан ауыр сынаққа айналдыра алады.
Егер Адамес оны төрешілер шешімімен жеңсе, бұл ұзақ әрі ауыр айқас бокс жанкүйерлерінің ең адал бөлігінен басқа ешкімді қызықтырмауы мүмкін. Ал егер ауыр соққы өткізіп алса немесе ұпай санымен жеңілсе, оның бүкіл мансабы қиын жағдайға тап болады.
Адамес даңқ, реванш және чемпиондық белбеулерді біріктіру жекпе-жектерін қалады. Алайда бокс бизнесі үлкен жанкүйерлер армиясы жоқ спортшыларға жиі жасайтындай, оны аса назарға ілінбейтін, бірақ қауіпті міндетті үміткермен жекпе-жекке жіберді. Бұл айқаста ол ештеңе ұтпауы мүмкін, бірақ барынан айырылып қалу қаупі бар», – деп жазды басылым.