«Бәрі Жәнібектен қашқақтайды»: Әлімханұлының жаңа қарсыласы мәлімдеме жасады

Якоб Банк Жәнібек Әлімханұлынан неге көп боксшы қашатынын айтты

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

Даниялық боксшы Якоб Банк (20-0, 11 КО) Хамза Шираздың (24-0-1, 19 КО) Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жектен бас тартып, WBO чемпиондық белбеуінен айырылу туралы шешіміне пікір білдірді.

Банктің пікірінше, қазіргі таңда көптеген боксшылар әр жекпе-жектен бірнеше миллион доллар табуға ұмтылады. Ал Жәнібекпен кездесудің қаржылық тұрғыдан аса тиімді болмауы оның қарсыластарын таңдауға әсер етуі мүмкін.

«Адамдар тым еркелеп кетті. Қазір әр жекпе-жектен бірнеше миллион доллар тапқысы келеді. Ал Жәнібекпен кездесуден ондай қомақты қаржы таба алмайсың. Оның үстіне, ол барлығының ішіндегі ең мықтысы болуы мүмкін. Меніңше, көпшіліктің одан қашқақтауды жөн көретіні де сондықтан. Бұл — өте қиын қарсылас. Бірақ мен барлық ұйымның нұсқасы бойынша әлем чемпионы болуды армандаймын. Сондықтан бәрін басынан бастауға болады», — деді Банк.

Бұған дейін Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) Хамза Ширазға супер орта салмақтағы чемпиондық белбеуін Жәнібек Әлімханұлына қарсы қорғауды міндеттеген еді. Алайда британдық боксшы жекпе-жектен бас тартып, чемпиондық атағын босатты.

Осыдан кейін WBO бос тұрған титул үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы жекпе-жекті белгіледі. Енді қос боксшы әлем чемпионы атағы үшін шаршы алаңға шығады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам