Спортшыларды қатты сынамаңыздар, жаман пікір жазып, ауыр сөз айтпаңыздар - Аида Әбікеева

Аида Әбікеева Азиададан кейін жанкүйерлерге үндеу жасады

ҰОК
ҰОК

Қазақстандық боксшы Аида Әбікеева Аичи-Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарындағы жарысын ширек финалда аяқтады. 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз Қытай өкілі Шу Лиге 0:4 есебімен есе жіберді. 

Аида Әбікеева әлеуметтік желідегі парақшасында жеңілісіне қатысты пікір білдіріп, жанкүйерлеріне үндеу жасады. Боксшы бұл сәтсіздіктің өзіне ауыр тигенін айтып, спортшыларды қатты сынамауға шақырды.

«Осымен мен үшін Азия ойындары сәтсіз аяқталды. Өте өкінішті, әрине. Себебі мен бұл жерге басқа нәтиже үшін келген едім. Бұл жеңіліс маған өте ауыр тиді. Қаншама еңбек, қаншама уақыт, қаншама тер төгілді…

Қазір ішкі дүниемде не болып жатқанын тек өзім ғана білемін. Бұл сәтсіздік пен жеңіліс үшін жауапкершілікті өз мойныма аламын.

Айтарым – барша жанкүйерлерге: спортшыларды қатты сынамаңыздар, жаман пікір жазып, ауыр сөз айтпаңыздар. Біз жарысқа әдейі ұтылып қалу үшін бармаймыз. Әр спортшының арманы – алтын медаль тағып, Әнұранымызды барша елге шырқату», – деп жазды боксшы.

Әбікеева өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне, отбасы мен достарына алғыс білдірді. Сонымен қатар бұл жеңілісті алдағы жарыстарға сабақ болатынын атап өтті.

«Бұл жеңіліс маған үлкен сабақ берді. Енді бұдан да екі-үш есе көп жұмыс жасап, өз мақсатыма жетпей тоқтамаймын. Әр пікір – мен үшін сабақ», – деді Аида Әбікеева.

Айта кетейік, Аида Әбікеева 2025 жылы 65 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған. Ал Азиададағы ширек финалдық жекпе-жектен кейін қазақстандық боксшы жарысты медальсыз аяқтады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам