Фьюри мен Джошуаның жекпе-жегі оның ұйымдастыратын соңғы бокс кеші болуы мүмкін
Саудиялық кәсіпкер және бокстағы ірі жекпе-жектерді ұйымдастырушы Турки Әл аш-Шейх бокстағы қызметін тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы Лондонда Тайсон Фьюри мен Энтони Джошуаның жекпе-жегіне арналған баспасөз мәслихатында айтты.
Әл аш-Шейхтің сөзінше, 11 желтоқсанда Кардиффтегі «Принсипалити» стадионында өтетін Фьюри мен Джошуаның жекпе-жегі оның ұйымдастыратын соңғы бокс кеші болуы мүмкін. Ол соңғы төрт айда денсаулығына қатысты қиындықтар болғанын да атап өтті.
«Мен жақында бұл жерде болмаймын. Осыдан кейін кетемін. Екі жылдан кейін осы сәтті есімде сақтаймын ба, білмеймін. Соңғы төрт айда денсаулығым жақсы болмады. Мен мұнда тек боксшылар үшін жүрмін. Бұл жекпе-жекті ұйымдастырғым келеді», – деді Турки Әл аш-Шейх.
Ол сонымен қатар бокста жүзеге асырғысы келетін бірнеше жоспары бар екенін айтып, промоутерлерден осы мақсаттарға жетуге көмектесуді сұрады.
Турки Әл аш-Шейхтің денсаулығына қатысты мәселелер туралы бұған дейін де ақпарат тараған. Алайда оның бокстан нақты қашан кететіні немесе қызметін толық тоқтататыны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Тайсон Фьюри мен Энтони Джошуаның жекпе-жегі 11 желтоқсанда Кардиффтегі «Принсипалити» стадионында өтеді. Екі боксшы да биыл шілдеде жекпе-жек өткізіп, жеңіске жеткен. Фьюри Мариуш Вахты жетінші раундтан кейін тоқтатса, Джошуа Кристиан Пренганы екінші раундта нокаутқа түсірді.