«Дайындалып жатырсыңдар деп үміттенемін»: Карлос Адамес Мейірім Нұрсұлтановқа ескерту жасады

Доминикандық боксшы қызу жаттығуға кірісіп кеткен

1bol.kz
1bol.kz

WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Карлос Адамес Қазақстанның жеңілмеген боксшысы Мейірім Нұрсұлтановқа ескерту жасады.

Доминикандық боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында жаттығу барысынан видеосын жариялап, оған қысқа ғана жазба қосты.

«Жақсы дайындалып жатырсыңдар деп үміттенемін», – деп жазды Адамес.

WBC бұған дейін Карлос Адамес пен Мейірім Нұрсұлтанов арасында әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізу туралы ресми шешім қабылдаған. Қазір екі тарап келіссөз жүргізуі керек. Келісімге 20 қазанға дейін қол жеткізілмесе, жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы үшін промоутерлік сауда өткізіледі.

Бұл жекпе-жекке Нұрсұлтановтың жолы Хесус Рамоспен өтетін кездесудің тоқтатылуынан кейін ашылды. Қазақстандық боксшы 19 қыркүйекте АҚШ-та WBC-нің уақытша чемпиондық белбеуі үшін Рамоспен жұдырықтасуы керек болған. Алайда америкалық боксшы салмақ қуу кезінде денсаулығына байланысты жекпе-жектен бас тартты.

Осыдан кейін WBC Нұрсұлтановқа Адаместің міндетті қарсыласы мәртебесін беріп, доминикандық чемпионның келесі титулдық қорғанысын қазақстандық боксшыға қарсы өткізуге міндеттеді.

Мейірім Нұрсұлтанов кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген. Оның рекорды – 20 жеңіс, 11 нокаут. Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2023 жылғы қарашада өткізіп, Хулио Аламосты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.

Ал Карлос Адамес WBC нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы. Оның кәсіпқой бокстағы көрсеткіші – 25 жеңіс, 1 жеңіліс және 1 тең нәтиже, 18 жеңісі нокаутпен аяқталған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам