«Үшінші раундта төбелесуге рұқсат бердік»: Төреханның бапкері бүгінгі жеңісі туралы

Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі Зеяд Ишаишты 5:0 есебімен жеңді

Спорт комитеті
Спорт комитеті

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырханның жеке бапкері Ілияс Оралбеков Азиада-2026 ойындарындағы тарихи жеңістен кейін пікір білдірді. Ол 20 жастағы шәкіртінің алтын жүлдеге дейінгі жолы, жарыс алдындағы қысым және финалдағы тактика туралы айтты.

Ілияс Оралбековтің сөзінше, Қазақстан құрамасы Жапонияға үлкен жауапкершілікпен барған. Себебі отандық боксшылар Азия ойындарында соңғы рет 2014 жылы чемпион атанған еді. Төреханның жеңісі осы 12 жылдық үзілісті тоқтатты.

«Көңіл-күй керемет болып тұр. Өте үлкен қысым болды. Елдің ауыр жүгін арқалап келдік», – деді бапкер 1bol.kz сайтына берген сұхбатында.

Азиада алдында Төрехан Сабырханның ұлттық құрама сапына енуіне қатысты пікірталас болған. Жарысқа дейін көпшілік арасында Абылайхан Жүсіпов пен Төрехан Сабырханның қайсысы Азиадаға баруы керек деген мәселе талқыланды. Ілияс Оралбеков болса, шәкіртінің мүмкіндігіне сеніп, бас бапкер Нұржан Насановқа Төреханды құрамада қалдыруды ұсынғанын айтты.

«Мен бапкер болғандықтан, Төреханды жақсы білемін. Сондықтан бас бапкеріміз Нұржан Насановқа: “Мынау чемпион болатын бала, осы баланы қалдырмайық”, – дедім. Нұржан ағамызға көп рақмет, осы балаға сеніп, алып келді», – деді Оралбеков.

Бапкер Абылайхан Жүсіповтің де білікті боксшы екенін атап өтті. Дегенмен оның айтуынша, Төрехан соңғы уақытта қарқынды өсіп келе жатқан талантты спортшы. Қазір ол рейтингте бірінші орында тұр.

Төреханның Азиададағы жолы ағасы Махмұд Сабырханның жартылай финалдағы жеңілісінен кейін де жалғасты. Махмұд Филиппин өкілі Карло Пааламға 2:3 есебімен есе жіберіп, қола жүлдегер атанды. Осыдан кейін Төреханның көңіл-күйі түскенімен, бапкерлер командасы оның тактикалық дайындығына басымдық берген.

«Өзбек боксшысымен жұдырықтасатын кезде Махмұд жеңілді, Төреханның көңіл-күйі болмады. Бірақ соған қарамастан біз оған қашықтықтағы тактиканы қойдық. Өзбек боксшысы – біз жаттанды білетін қарсылас. Төрехан қойылған тактиканы орындап шықты. Бұл – оның Азиададағы ең үздік жекпе-жегі», – деді бапкер.

Ал финалда Төрехан үшінші раундта тактикадан ауытқып кеткен жоқ. Оралбековтің айтуынша, бапкерлер әдейі соңғы раундта шабуылға көбірек мән беруді тапсырған.

«Жоқ, ол тактиканы ұмытпады. Екі раундта жеңіп тұрған соң, үшінші раундта “төбелес” дедік. Ол екінші раундта да төбелескісі келіп тұрған, бірақ біз қашықтықты сақта дедік. Ол соны ұстап шықты. Ал үшінші раундта кеткен есесін қайтарып, қалағанынша төбелесіп, реванш алды. Бәрі ойдағыдай шықты», – деді Ілияс Оралбеков.

Айта кетейік, Төрехан Сабырхан финалда Иордания өкілі Зеяд Ишаишты 5:0 есебімен жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Осылайша Қазақстан боксшылары 12 жылдан кейін Азиадада қайтадан алтын медаль жеңіп алды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам