Осылайша, бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын медаль бар
Бокстан аса ауыр салмақта (+90 кг) өнер көрсететін Айбек Оралбай Азия ойындарының финалында өзбек боксшысы Жахонгир Зокировты жеңіп, жарыс чемпионы атанды.
Алыптар жекпе-жегінің алғашқы раунды тартысты өтті. Ауыр салмаққа қарамастан сериялы соққылармен алмасқан боксшылар Азия ойындарына тек алтын медаль үшін ғана келгенін көрсетті. Раунд нәтижесі – 3:2 – Айбек Оралбайдың пайдасында.
Қалған екі раундта қазақ боксшысының соққылары дәл тиіп, ол қорғаныста да сәтті өнер көрсетті. Нәтижесінде барлық төреші жеңісті Айбекке беріп, 5:0 есебін тіркеді.
Осылайша, бокстан Қазақстан құрамасының қоржынында екі алтын медаль бар. Оның алғашқысын 70 келіде өнер көрсеткен Төрехан Сабырхан иеленген еді. Ал, жалпы Қазақстан командасының қоржынында осымен 11 алтын медаль болды.
Бұл – Айбек Оралбай мен Жахонгир Закиров арасындағы төртінші кездесу. Үшеуінде қазақ боксшысының мерейі үстем болған.