Виктор Теміров Гамбургте қарсыласын екінші раундта нокаутпен жеңді
Қазақстандық орта салмақтағы боксшы Виктор Теміров кәсіпқой бокстағы жеңіс сериясын жалғастырды. Ол Германияның Гамбург қаласында өткен бокс кешінде 39 жастағы венесуэлалық Джонни Санчесті техникалық нокаутпен жеңді.
Теміров жекпе-жекті белсенді бастап, бірінші раундтың соңында қарсыласын нокдаунға жіберді. Алайда тәжірибелі Санчес гонг үніне дейін орнынан тұрып, кездесуді жалғастырды.
Екінші раундта қазақстандық боксшы шабуылын үдетті. Санчес тағы екі рет нокдаунға түсті. Осыдан кейін төреші жекпе-жекті тоқтатып, Виктор Теміровтың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін белгіледі.
Осылайша, 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен Теміровтың рекорды 12-0, 9 КО болды.
Бұл Виктор Теміровтың 2026 жылғы үшінші жекпе-жегі еді. Қазақстандық боксшы биылғы үш кездесуінің барлығын мерзімінен бұрын аяқтаған.
Ал Джонни Санчес үшін бұл жеңіліс кәсіби мансабындағы жеңілістер санын 15-ке жеткізді. Оның рекорды — 20 жеңіс, 15 жеңіліс, 13 нокаут.