Бен Уиттакер IBF нұсқасы бойынша Дмитрий Биволға міндетті қарсылас атанды
Жартылай ауыр салмақта өнер көрсететін британдық боксшы Бен Уиттакер IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы, ресейлік Дмитрий Биволға міндетті қарсылас атанды.
3 қазанда Бирмингемдегі «Utilita Arena» аренасында Уиттакер австралиялық Конор Уоллеске қарсы іріктеу жекпе-жегін өткізді. Британдық боксшы алғашқы тоғыз раундта кездесуді сенімді бақылауда ұстады. Алайда кейін Уоллес бастаманы өз қолына алып, Уиттакерге қысым жасай бастады.
Жекпе-жектің соңғы раундтарында британдық боксшыға оңай болған жоқ. 12-раундта Уиттакер бірнеше рет рингке құлады. Дегенмен төреші бұл эпизодтарды нокдаун ретінде тіркемеді. Уиттакер жекпе-жекті соңғы гонгқа дейін жеткізіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Осы нәтижеден кейін 28 жастағы Уиттакер IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы Дмитрий Биволға міндетті қарсылас атанды.
Алайда британдық боксшының промоутері Эдди Хирн Уиттакердің әзірге Биволмен немесе дивизиондағы өзге де мықты боксшылармен, соның ішінде Каллум Смитпен жұдырықтасуына ерте екенін айтты.
Промоутердің пікірінше, Уиттакерге әлем чемпионы атағы үшін таласуға дейін тағы бір аралық жекпе-жек өткізу қажет.