Назым Қызайбай 2028 жылғы Олимпиадаға қай салмақта қатысатынын айтты

Қызайбай әлем чемпионаттарындағы үш алтынын да — 2014, 2016 және 2025 жылдары — 48 келіге дейінгі салмақта жеңіп алған

ҰОК
ҰОК

Қазақстандық боксшы, Олимпиаданың қола жүлдегері және үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Inform.kz тілшісіне берген сұхбатында 2028 жылғы Олимпиадаға қай салмақта қатысатыны әзірге белгісіз екенін айтты.

33 жастағы спортшы Аичи–Нагоядағы Азия ойындарында 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, 1/8 финалда Қытай өкілі Чжао Сюаньнан 4:1 есебімен жеңілді.

«Өте ұзақ дайындалдық, медаль алғымыз келді. Бірақ ойдағыдай болмады. Мен қатты ренжіп отырған жоқпын. Қателіктермен жұмыс істеп, әрі қарай жүру керек», — деді Қызайбай.

Боксшы жеңілісінің жаңа салмаққа бейімделуіне қатысы жоқ екенін атап өтті.

«Қазір 54 келіде өнер көрсету маған қиын емес. Азиададағы жеңілісім жекпе-жекті тактикалық тұрғыдан сәл дұрыс өткізбегеніме байланысты болды. Дене бітімім бойынша бәрі қалыпты, бұл салмаққа бейімделіп кеттім», — деді ол.

Қызайбай әлем чемпионаттарындағы үш алтынын да — 2014, 2016 және 2025 жылдары — 48 келіге дейінгі салмақта жеңіп алған. Париж Олимпиадасында 50 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге ие болды.

Ал 2028 жылғы Олимпиадада 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесі болмайды. Сондықтан қазақстандық боксшыға 51 немесе 54 келі салмағының бірін таңдау қажет.

51 келіде Қазақстанның көшбасшысы — Алуа Балқыбекова. Ол да Қызайбай секілді Долқунжан Қамековтен тәлім алған.

Назым алдағы шешімді бапкерлер штабына қалдырды.

«Олимпиадаға қай салмақта дайындалатынымды әзірге білмеймін. Бас бапкер мен жеке жаттықтырушым қалай шешсе, солай дайындаламын. Команда үшін қайсысы тиімді болса, соны жасаймын», — деді боксшы.

Айта кетейік, Қазақстан әйелдер құрамасы Аичи–Нагоядағы Азия ойындарында бокстан екі қола медаль жеңіп алды. Алуа Балқыбекова мен Наталья Богданова жүлдеге ие болды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам