Ол өз жазбасында жеңілістен жасымайтынын, алда жарақаттарын емдеп, мансабын қайта жалғастыратынын ашық айтқан
Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлемнің үш дүркін чемпионы Назым Қызайбай Қазақстан чемпионатының финалында жеңіліп, күміс жүлде еншілеген болатын. Жарыстан кейін ол әлеуметтік желіде өз болашағына қатысты мәлімдеме жасады.
33 жастағы боксшы қыз үшін бұл чемпионат – 2026 жылдағы соңғы жарысы. Десе де, ол мансабына нүкте қоймайтынын, керісінше жаңа белестерді бағындыруға дайын екенін жазды.
«Бұл – соңы емес. Бұл – жаңа бастаманың басы. Биылғы жолым оңай болған жоқ. Үлкен жүктемелер, жарыстар, шаршау… Бірақ мені бір нәтиже тоқтата алмайды. Керісінше, бұл маған одан да көп жұмыс істеуге, өзімді тыңдауға және өзіме сенуге күш береді», - деді Қызайбай өзінің Instagram-парақшасында.
Ол өз жазбасында жеңілістен жасымайтынын, алда жарақаттарын емдеп, мансабын қайта жалғастыратынын ашық айтқан.
«Енді демалып, жарақаттарымды емдеп, толық қалпына келетін уақыт. Сабақ алдық, қорытынды жасадық. Бұл нәтиже мені әлсіретпейді, керісінше, одан да мықты етеді», - дейді даңқты боксшы.
Еске салайық, Таразда өткен Қазақстан чемпионатының финалында Назым Қызайбай 54 келі салмақта өнер көрсетіп, финалда шымкенттік жас боксшы Элина Базаровадан жеңілді.