WBC Silver белбеуі үшін өткен жекпе-жектен кейін жанжал шықты
Түркияның Ыстамбұл қаласында ауыр салмақтағы WBC Silver чемпиондық белбеуі үшін өткен жекпе-жектен кейін жаппай төбелес болды. Франция атынан өнер көрсететін әзербайжан текті боксшы Мұрад Алиев пен түркиялық Умут Чамкыран арасындағы айқастан соң рингте жанжал шықты.
Төрешілердің шешімімен Алиев жеңіске жетіп, чемпиондық белбеуді иеленген. Алайда жекпе-жектен кейінгі жағдай спорттық нәтижеден гөрі көпшіліктің назарын аударды.
Соңғы гонгтен кейін Алиев трибунадағы көрермендерге әдепсіз ишара жасаған. Бұған наразы болған жанкүйерлердің бір тобы рингке басып кіріп, жеңімпазға шабуыл жасаған. Соның салдарынан бірнеше адамның қатысуымен жаппай төбелес басталды.
Айта кетейік, 31 жастағы Мұрад Алиев Мәскеуде әзербайжан отбасында дүниеге келген. Әкесі Бардадан, анасы Агдамнан шыққан. 2002 жылы отбасы Францияға қоныс аударған. Боксшы 2019 жылы Минскіде өткен II Еуропа ойындарының күміс жүлдегері атанып, Токио Олимпиадасында Франция намысын қорғаған.
Алиев Франция туы астында өнер көрсеткенімен, өзінің әзербайжандық тегін мақтан тұтатынын бірнеше рет айтқан.