Осы жеңістен кейін «Барыстың» еншісінде 26 матчтан кейін 29 ұпай бар
Астаналық клуб ҚХЛ турнирлік кестесінің көш басында тұрған қарсыласынан маңызды үш ұпай еншіледі.
«Барыс» Континенталдық хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында өз алаңында магнитогорскілік «Металлургті» қабылдап, 5:4 есебімен жеңіске жетті.
15 қарашада өткен кездесуде астаналық клуб сапынан Джастин Бэйли хет-трик авторы атанды. Сонымен қатар Чейз Приски мен Кирилл Савицкий бір-бір шайбадан соқты.
Қонақтар құрамында Антон Рубин, Игорь Нечаев, Нэйтан Тодд және Михаил Федоров мергендік танытты.
Айта кетейік, «Металлург» сапында Қазақстан құрамасының екі хоккейшісі – Никита Михайлис пен Валерий Орехов өнер көрсетеді.
Осы жеңістен кейін «Барыстың» еншісінде 26 матчтан кейін 29 ұпай бар. Астаналық клуб Шығыс конференциясында бесінші орында тұр. Ал 27 кездесуде 39 ұпай жинаған «Металлург» турнирлік кестеде көш бастап келеді.
«Барыс» келесі кездесуін 18 қарашада сырт алаңда «Салават Юлаевқа» қарсы өткізеді.