Александр Ковригин 28 қарашада чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Александр Ковригин (9-2, 7 KO) келесі жекпе-жегін 28 қарашада Филиппин астанасы Манилада өткізеді. Оның қарсыласы Танзания өкілі Рамадан Масуд Идд (9-2, 2 KO) болады.
Бұл кездесуде жеңіл салмақтағы WBF International чемпионының белбеуі сарапқа салынады.
28 жастағы қазақстандық боксшы үшін бұл 2025 жылдың желтоқсанынан бергі алғашқы жекпе-жек болмақ. Алматыда өткен кездесуде Ковригин грузиялық Давид Нацвилишвилиді (4-8, 1 KO) мерзімінен бұрын жеңіп, қатарынан екі жеңілістен кейін жеңіс жолына қайта оралған еді.
Ал танзаниялық боксшы соңғы кездесуін 25 шілдеде Найробиде өткізді. Ол жергілікті боксшы Джаван Буйюге (8-0, 5 KO) нокаутпен есе жіберді.