«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
BoxRec Жәнібек Әлімханұлын барлық рейтингінен шығарып тастады
Беделді BoxRec статистикалық порталы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын (17-0, 12 КО) барлық рейтингінен алып тастады.
Бұрынғы әлем чемпионының профиліне «неактивті» (белсенді емес) мәртебесі берілді. Портал ережесіне сәйкес, 12 айдан астам уақыт рингке шықпаған боксшы тізімнен автоматты түрде шығарылады.
Бұған дейін Әлімханұлы орта салмақтағы әлемдік рейтингте көш бастап, салмақ дәрежесіне қарамастан (P4P) Қазақстанның үздік боксшылары тізімінде бірінші орында тұрған еді, сондай-ақ әлемдік P4P топ-20 қатарына енген болатын. Енді орта дивизионның көшбасшысы болып кубалық Эрисланди Лара танылды.
Ал Қазақстанның ұлттық P4P рейтингінде көш басына екінші орта салмақта өнер көрсететін жеңіліп көрмеген Бек Нұрмағанбет (17-0, 15 КО) шықты. Ол 31 қазанда Эр-Риядта мексикалық Маркос Васкес Родригесті бірінші раундта нокаутпен жеңіп, IBF рейтингінің үздік бестігіне көтерілген еді.
BoxRec нұсқасы бойынша Қазақстанның үздік 10 боксшысы (P4P):
1. Бек Нұрмағанбет (екінші орта салмақ)
2. Сұлтан Зауырбек (екінші жартылай жеңіл салмақ)
3. Бекман Сойлыбаев (екінші жартылай жеңіл салмақ)
4. Армат Арманұлы (орта салмақ)
5. Әли Ахмедов (жартылай ауыр салмақ)
6. Евгений Павлов (екінші жартылай жеңіл салмақ)
7. Елшат Нығметолла (екінші жеңіл салмақ)
8. Сергей Липинец (жартылай орта салмақ)
9. Сәкен Бибосынов (екінші аса жеңіл салмақ)
10. Саматәлі Төлтаев (жеңіл салмақ)
Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде Астанада өткізіп, франциялық Анауэль Нгамиссенгені нокаутқа түсірген болатын. Сол жылдың желтоқсанында Ларамен өтуі тиіс біріктіруші жекпе-жек алдында оның допинг-сынамасынан мельдоний табылды. Шеттетілуіне байланысты IBF қазақстандықтың белбеуін бос деп жариялады, ал WBO титулынан ол кейін өзі бас тартып, екінші орта салмаққа ауысты.
Әлімханұлы рингке 2027 жылдың 23 қаңтарында оралады. Данияның Хорсенс қаласында ол WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы үшін Якоб Банкпен (17-0, 9 КО) жұдырықтасады.