Әзірге ұлттық құрама қоржынында үш жолдама бар
Италиядағы лицензиялық турнир Қазақстанның боксшы қыздары үшін аяқталды. Жарысқа барған бес қыздың ешбірі Олимпиада жолдамасын ала алмады.
Бүгін 50 келіде жарыс жолына шыққан Алуа Балқыбекова да соңғы жекпе-жекте неміс боксшысы Макси Клецерден жеңіліп қалды. Үш раунд бойы тартысқа толы болған кездесуде төрешілердің басым даусымен Клецер Олимпиада жолдамасын иеленді.
Бүгін жарыс жолына шыққан Валентина Хальзова да (75 кг) британ боксшысынан жеңіліп, елге құр қол қайтатын болды. Ал, ерлер арасында Айбек Оралбай америкалық Джаммар Таллиді жеңіп, аталған турнирдегі алғашқы жолдамаға қол жеткізіп отыр.
Айта кету керек, Париж олимпиадасына дейін Тайландта тағы бір лицензиялық турнир өтеді. Италияда жолы болмаған боксшылар Бангкокта бағын тағы бір сынап көреді.