Шетелдік боксшылармен де проблема болған көрінеді
Биыл 1 наурызда Алматыда кәсіпқой бокс кешін өткізген Қанат Исламның басы дауда қалды. Промоутер әрі журналист Серік Ноянның айтуынша, ол аталған бокс кешіне шақырған боксшыларға гонорарын төлемей қойған.
Айта кетейік, былтыр Қанат Ислам ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Қазақстанда кәсіпқой бокс кешін ұйымдастыруда кедергілердің көп екенін айтып, сол проблемаларды шешуге көмек беруін сұраған еді. Ал, биыл ол «Qazaq promotions» деген промоутерлік компания ашып, 1 наурызда Алматыда кәсіпқой бокс кешін өткізді.
«Сол күні жұдырықтасқан қазақстандық кәсіпқой боксшылардың ешқайсысына "Qazaq promotions" келіскен ақшасын әлі төлемеген. Бокс кешінен бірнеше ай бұрын Қанат Ислам өз аузымен біздің жігіттерге кемінде $2000 доллардан беремін деп уәде етеді. Ивентке арнайы демеуші табылғанын айтқан. Спортшылар білек сыбана дайындыққа кіріседі. Бірақ табыс табудан дәмелі жігіттердің үміті ақталмайды. Жекпе-жекке бір апта қалғанда Қанекен "менін кешімде жұдырықтасқандарың үшін енді сендер маған ақша төлеңдер" деп айды аспаннан бірақ шығарыпты. Шетелден келген қарсыластардың шығынын осылай жапқысы келген сыңайлы. Екі тарап сөзге келісе алмаған», - деп жазды Серік Ноян өзінің Instagram-парақшасында.
Жекпе-жекке ұзақ уақыт дайындалған боксшылар амалсыз рингке шығуға көніпті. Қанат Ислам болса «демеуші уәдесінде тұрмады» деп ақталған. Тіпті, шетелдіктерге де ақысын бермей шу шығарған көрінеді.
«Шетелдіктер ақшасы қазір төленбесе рингке шықпаймыз деген. “Qazaq promotion” қысылтаяң сәтте оларға ақшасын тауып берген. Ал, олардың әрбірінің гонорары кемі 2000-3000 доллар», - деп жазды С.Ноян.
Ол әлі де болса Қанат Ислам қарызын қайтарады деген үмітте екенін айтты. Танымал боксшының өзі болса бұл жайтқа байланысты әлі пікір білдірмеді.