DAZN-нің өзінен GGG екі жылда кемі 10 млн доллар алуы тиіс болған
Украиналық боксшы Сергей Богачук Champion.com.ua басылымына берген сұхбатында орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы Геннадий Головкиннің табысы жайлы ойын бөлісті.
«Бокстағы бизнес – қызық дүние. Бұл жерде бәрі құбылмалы. Айталық, промоутер чемпиондық жекпе-жек үшін 50-100 мың доллар төлей алуы мүмкін. Алайда, боксшының телеарнамен тікелей келісімшарты болса, онда ол бір айқас үшін 300 мың доллар табыс таба алады. Ал промоутерім Том Леффлермен жұмыс істеген қазақ Геннадий Головкин секілді жұлдыздар миллиондаған доллар табады.
2012 мен 2018 жылдар аралығында Головкиннің НBО телеарнасымен келісімшарты болды. Телеарна бокс көрсетілімін тоқтату туралы шешім қабылдағанда, Геннадийге америкалық нарықтың алыптары – DAZN, ESPN және Premier Boxing Champions секілді үш бірдей платформадан ұсыныс түсті. Еркін агент ретінде ол өзіне ұтымдысын таңдады.
Бокстағы басты жұлдыздар жекпе-жектерін pay-per-view форматында өткізеді. Яғни тікелей трансляцияны көргісі келетін жанкүйерлер ақы төлеуі тиіс. Мұндай жағдайда сыйақы сатылған трансляцияның санына байланысты болады.
2019 жылы Геннадий DAZN-мен екі жекпе-жекке келісімге отырды. Шарт бойынша ол кем дегенде 10 миллион доллар табыс табуы тиіс еді. Егер трансляцияны 100 мыңдаған адам сатып алса, тиісінше табысы да артатын. Одан қалды оның жарнамалық келісімшарттары бар. Мысалы, танымал элиталық алкоголь бренді Головкинге жылына бір миллион долларға жуық қаржы төледі», – деді Богачук.
Еске салайық, Геннадий Головкин жуырда ғана Ұлттық Олимпиада комитетіне президент болып сайланды. Ол кәсіпқой бокстан ресми кеткен жоқ.