Жаңа подкаст! Қонақта "Спарта" КВН командасының капитаны Данияр Жұмаділов

Ангелина Лукас жеңіп алған екі титулдың әлемдік бокстағы беделі қандай?

26.04.2024, 14:26

Қазақстандық танымал бапкер Лукастың бокстағы болашағына күмәнмен қарайтынын айтқан болатын

Ангелина Лукас жеңіп алған екі титулдың әлемдік бокстағы беделі қандай?
instagram.com/angelina_lukas1997/

Кәсіпқой бокстан жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық Ангелина Лукас (9-1, 4 КО) WIBF және WBF чемпиондық белбеулерін иеленгенін жазған едік.

Бойжеткен боксшының өзі де әлем чемпионы атанғанын жария етіп, оқырманынан сүйінші сұрады. Ал бокста бұл атақтар қандай мәртебеге ие? Әлем чемпионы деп атауға келе ме? Бұл титулдардың кәсіпқой бокс әлеміндегі орнына тоқталып өтуді жөн санадық.

WBF және WIBF-ті бокстағы негізгі титул дей алмайсың. Ерлер боксы секілді әйелдер боксында да төрт негізгі чемпиондық титул бар, олар: WBA, WBC, WBO, IBF. Тағы бесіншісі бар: IBO – ол абсолютті әлем чемпионы атағы үшін қажет емес, бірақ жұлдыздардың бәрінде бұл белбеу бар.

Сонымен, WBF-ке тоқталайық.

World Boxing Federation-нің кеңсесі Люксембургте орналасқан. Ерлер арасында бұл атаққа қол жеткізгендердің арасында көпшілік үшін германиялық Шефат Юсуфидің есімі ғана белгілі (2019 жылы ол WBO чемпионы Билли Джо Сондерспен жұдырықтасқан).

Қыздар арасында жағдай сәл дұрыстау: WBF атағын иеленгендер тізімінен Кларесса Шилдстің есімін көруге болады (бірақ Шилдстің орта салмақта WBA, WBC, WBO, IBF чемпиондық атақтары бар екенін ұмытпау керек). Ангелина Лукас та парақшасында өзімен қоса дәл осы Шилдстің суретін салып қойды. 

Ал, WIBF (Woman International Boxing Federation) кеңесі Майамиде.

Аббревиатуралары ұқсас болса да, бұл ұйымның IBF-ке қатысы жоқ. WIBF-тің ресми сайты да дұрыс жұмыс істемейтіндігі біраз нәрсені аңғартса керек.

Осынау екі бірдей титулына қарамастан, Лукас маңызды саналатын WBC рейтингінде 16-орында ғана тұр.

Сөйте тұра Лукастың өзі айқас алдында Instagram-да былай жазып еді:

«WIBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын иелену үшін дайындалдым. Бірақ кеше Бангкокке WBF президенті ұшып келіп, жекпе-жекте WBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы да сарапқа салынатынын мәлімдеді. Өзіміз де таңғалдық. Жаратушының осындай мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз.

Айтпақшы, бұл титулға абсолютті әлем чемпионы Кларисса Шилдс ие. Ертең WIBF және WBF белбеулері сарапқа салынады. Бұл абсолютті әлем чемпионы атағына қарай бағыт! Өз атымды тарихта қалдыру үшін бәрін жасаймын».

Бірақ басты статистикалық сайт саналатын BoxRec Лукас соңғы нәтижесін тізімге енгізбеген.

Естеріңізде болса, осыдан біраз бұрын бокстан Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Жұмабек Өмірзақов Ангелина Лукас пен Балауса Мұздыманның кәсіпқой бокстағы жолына қатысты пікір білдіріп, екеуінің де болашағы жарқын болатынына күмән келтірген еді.

«Балауса Мұздыман мен Ангелина Лукастың әуесқой бокста да, кәсіпқой бокста да болашағы жарқын деп айта алмаймын. Олардың қарсыластарының кім екенін қараңыз! Әсіресе Лукасты қараңыз! Бұған дейін қайдағы бір «үй бикесімен» төбелесіп жеңді де, енді дәл сондай біреуін тағы тауып алды. Әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтаспақшы. Қандай әлем чемпионы, оны қайдан тауып алған? Түсініксіз. Өткенде Пәкстанның боксшысымен жекпе-жек өткізді. Пәкстанда қыздар боксы деген атымен жоқ екенін білесіз бе?! Содан кейін әлем чемпионы атағын жеңіп алдым деп қалай ұялмай айтады?! Шынын айту керек, Мұздыман да, Лукас та үлкен нәтижеге қол жеткізеді деп айта алмаймын. Қол жеткізу үшін алдымен әуесқой бокста сен тым құрығанда Қазақстан чемпионы болуың керек. Мейлі, әділетсіз болса да сен сол жақта өзіңді дәлелдеуің керек», - деді Жұмабек Өмірзақов.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам