Ол Қоңқабаев пен Шымбергеновтің жеңілісіне де өз бағасын берді
Елімізідң еңбек сіңірген бапкері Жұмабек Өмірзақов Азия Ойындарына қатысты пікір білдіріп, әйелдер боксынан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайды 2017 жылдан бері жаттықтырмайтынын атады. Prosports.kz-ке сұхбат берген маман Асланбек Шымбергенов, Қамшыбек Қоңқабаевтарды да ащы сынға алған.
Белгілі бапкер арадағы кикілжіңнен кейін Назымды қол астынан кетіп қалғанын жеткізді.
«Назым туралы ештеңе айтқым келмейді. Себебі, мен оны көптен бері жаттықтырмаймын. Алты жыл бұрын мені тыңдауды қойды. Түкке жарамсыз шал деп танып, өзінің жеңілістеріне мені кінәлай бастады. Ол басқа бапкерге ауысуды қалады. Алайда өз шәкіртіме өзіңе үйреткен адамнан кетсең басқаға барып опа таппайсың деп айттым. Жағдай осылай болды. Барлық жеңілістерге тікелей өзі кінәлі», - дейді Жұмабек Өмірзақов.
Сондай-ақ, ол Азия Ойындарында төрешілердің тарапынан әділетсіздікке ұшырады деп бағаланған Асланбек Шымбергенов туралы айтты.
«Асланбек жолын бөгеді дейсіз бе? Ондай ештеңе болған да жоқ. Егер сен боксшы болсаң әрекетің үш нәрсемен бағаланады. Ол: соққы, тактика және техника. Ал Шымбергеновте соққы бар. Алайда оны қарсыласқа қолдану үшін ауаға емес, дәл тигізу керек. Егер бұлай болмаса жеңіс туралы айтудың не керегі бар? Жапон боксшысы Асланбекті тактикалық түрде ұтты. Егер менімен келіспейтіндер болса, жекпе-жекті тағы қайталап көрсін. Сонда олар төрешілер Оказавеге жеңісті неліктен бергенін түсінер еді. Ал Шымбергенов бір рет те дұрыс соққы жұмсамады», - дейді бапкер.
Сондай-ақ, ол аса ауыр салмақта финалға шыққан Қамшыбек Қоңқабаевтың деңгейіне баға берген.
«Қоңқабаев пен Жалоловтың финалдық жекпе-жегі қайдағы бір достық кездесу секілдік әсер қалдырды. Қатты тырысқан жоқ, ойнап жүрді де қойды. Егер өзбек қаласа оны соққының астына алар еді. Алайда Қамшыбек Бахадирге мүлдем қарсылас емес», - дейді Жұмабек Өмірзақов.