Қазіргі уақытта Қазақстан боксшылары Париж Олимпиадасына 10 жолдама иеленді
Бангкокта бокстан өткен лицензиялық турнирде сынға түскен ұлттық құрама боксшылары елге оралды.
Мамыр айының 24-нен маусым айының басына дейін созылған турнирде қазақстандық үш боксшы жолдамаға қол жеткізген еді. Олардың арасында 63,5 келіде Мұхамедсабыр Базарбайұлы, әйелдер құрамасынан 50 келіде Назым Қызайбай, 75 келіде Валентина Хальзова Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған сынға 6 боксшы аттанған болатын. Алайда, іріктеу кезеңінде үш боксшы сүрініп, жолдамадан тыс қалды.
Елге оралған боксшыларды жанкүйерлер мен олардың жақындары күтіп алды. Алматы әуежайына ерекше ілтипатпен қарсы алған жанкүйерлер ән салып, ерекше құрмет көрсетті.
Қазіргі уақытта Қазақстан боксшылары Париж Олимпиадасына 10 жолдама иеленді. Оның ішінде ерлер командасы Олимпиадаға толық құрамда баратын болса, әйелдер құрамасынан тек үш боксшы сынға түседі.