Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов бокстан Астанада өткен Қазақстан спартакиадасында жеңімпаз атанды. Ол финалда биыл Ташкенттегі әлем чемпионатында топ жарған Санжар Тәшкенбаймен кездесіп, басым түскен болатын. Bassport.kz порталының жазуынша, Өзбекстанда өткен әлем біріншілігі мен Қытайдың Ханчжоу қаласында болған Азия ойындарында жүлдесіз қалған боксшы енді ғана қалыпты жағдайға түскенін екен.
«Жазғы Азия ойындары бәріміз үшін ауыр соққы болды. 11-орын алу біздің еліміз үшін үлкен сын екені анық. Өзімнің де сол додадан соң мазам кетті. Ешнәрсеге ынтам қалмағаны рас. Отбасымда да аздаған мәселелер бой көтеріп, бәріне қолымды бір сілтегім де келді. Токио олимпиадасының қарсаңында да осындай сынақтар болған. Алайда ойлана келе, ел Спартакиадасына қатысамын деп шештім. Отбасым, достарым мен ағайларым қолдау көрсетті. Тұңғиықтан алып шыққандай әсерде қалдым», - дейді боксшы.
Ол өз салмағында бәсекелестіктің өте жоғары екенін атады. Себебі, бұл салмаққа 48 келіде әлем чемпионатында жеңімпаз атанған Санжар Тәшкенбай мен Азия біріншілігінде күміс жүлдегер болған Даниал Сәбит ауысқан-тын. Спартакиадада Сәкен аталған қос бокшсыдан да басым түсті.
«Бір-біріне жалғасқан қиындықтар да шешімін тапқан cыңайлы. Жарысқа екі аптадай қалғанда толыққанды дайындалып, өз арнама түстім. 51 келіде бәсекелестік жоғары, жақсы боксшылар өсіп келе жатыр. Бәсеке бар жерде нәтиже де жақсарары анық. Енді бар күшімді жиып, Олимпиадаға лицензия алуға тырысамын», - деді Бибосынов.
Астанадағы жылдың басты бәсекесінде 51 келідегі финалдық кездесу аса тартысты өтті. Сол сында Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай жекпе-жек барысында бірнеше рет ерегесіп қалған жағдай болды. Алайда, жеңіс төрешілер шешімі бойынша Сәкен Бибосыновтың пайдасына шешілді.