Оның қарсыласы биыл көктемде өзбек боксшысынан жеңіліп қалған болатын
Кәсіпқой бокстан екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық Али Ахмедов (21-1, 16 КО) биыл қыркүйек айында рингке оралады.
BoxRec.com сайтының мәліметінше, Ахмедовтың келесі жекпе-жегі 20 қыркүйекте Дублинде (Ирландия) өтеді. Қарсыласы – француз Пьер Юбер Дибомб (22-1-1, 12 КО). Бәске IBF International чемпиондық титулы тігіледі.
Кәсіпқой бокс кешін Том Леффлердің 360 Promotions промоутерлік компаниясы ұйымдастырып отыр.
Али Ахмедов 2024 жылы екі жекпе-жек өткізіп үлгерген. Соңғы рет ол Детройтта (АҚШ) 23 мамырда рингке шығып, костарикалық Энкарнасьон Диасты екінші раундта нокаутпен жеңді.
Дибомб болса биыл сәуірде өзбек Бектемир Мелекузиевтен төрешілер шешімі бойынша жеңілген.