Қазақ боксшысы тек бір ғана белбеуін қорғайды
Кәсәпқой бокстан орта салмақтағы WBO/IBF бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) мен жаңазеландиялық Андрей Михайлович (21-0, 13 KO) арасындағы жекпе-жек 4 қазанда Аустралияның Сидней қаласында өтетін болды.
Жекпе-жекті өткізу құқығына ие болған No Limit Boxing компаниясы ойлана келе осындай шешім қабылдаған. Бұған дейін қос боксшының арасындағы айқасты АҚШ-та өткізу жағы қарастырылып келген болатын.
Америкада жекпе-жекті ESPN+ телеарнасы көрсетеді. Ал, бәске Жәнібектің IBF чемпиондық белбеуі тігіледі. Шілдеде қазақ боксшысы салмағын қуа алмай, жоспарланған кездесу өтпей қалғандықтан, WBO аталған жекпе-жекте Жәнібекке белбеуді қорғауды міндеттемеді.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы шілдеде жекпе-жекке бірер күн қалғанда ауруханаға түсіп қалған болатын. Ол салмағын дұрыс қуа алмағандықтан ағзасы сусызданып, бүйрегінен ақау шықты.