Ол Шымкентте өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды
Бокстан Шымкентте Кеңес Одағының батыры Қараоқозы Әбдіалиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде 67 келіде топ жарған Мұхамедсабыр Базарбайұлы жетістігі туралы пікір білдірді.
Париж Олимпиадасынан кейін алғаш рет шаршы алаңға шыққан ұлттық құрама мүшесі енді жаңа салмақта бақ сынауды көздеп отыр.
"Бүгін 67 келіде чемпион болдым. Бұл салмақта алғаш рет жарысқа қатысқан жайым бар. Бапкерлердің еңбегінің арқасында барлық қарсыласымнан түстім. Осымен тоқтамай, ары қарай биіктен көріну үшін барымды саламын. Бапкерлер айтқан тактикамен Жамбыл облысының боксшысын ұттым", - деді боксшы.
Естеріңізде болса, Мұхамедсабыр Базарбайұлы Париж Олимпиадасында 63,5 келіде бақ сынап, ширек финалға дейін жетті. Ол шешуші сында грузин боксшысына есе жіберіп, жарысты 5-ші орынмен аяқтаған болатын.