Жасөспірімдер арасында жарыс ұйымдастыру – нағыз бюрократия
Қазақтың жас боксшылары келесі Олимпиадада кеткен ақымызды қайтарады. Белгілі бапкер Мұхит Амантаев осындай пікірде. «Бірінші болдың» YouTube-жобасының қонағы болған маман қазіргі жастар мен жасөспірімдер боксындағы біраз мәселенің басын шалып, проблемаларға тоқталды.
Оның айтуынша, бокста жершілдік мәселесі әлі де бар. Соның салдарынан болашағынан үміт күттіретін біраз боксшының сағы сынып, спортты тастап кеткен.
Ол аз болса, жасөспірімдер арасында жарыс ұйымдастыру – нағыз бюрократия екен. Тіпті, қағазбастылық жемқорлыққа дейін ұласады дейді ол. Салдары – бокстың дамуына кедергі келтіру.
Десе де, қазір Қазақстан бокс федерациясына келген жаңа басшылық осы проблемаларды шешуге кірісіп кеткен көрінеді. Бокс төрешілерінің көбін ауыстырып, жарыстарда әділ төрелік орнаған. Сондай-ақ, қала біріншілігін өткізу жұмыстары да жеңілдепті.