1996 жылы туған бойжеткен боксшының зорлағанын айтып, үстінен арыз түсірген еді
Алматы қалалық Полиция департаменті бокстан әлем чемпионы Жанқош Тұраровқа қатысты дау туралы мәлімдеме жасады.
Естеріңізде болса, 21 тамызда 1996 жылы туған бойжеткен Алматының Әуезов аудандық полициясына Тұраровтың өзін зорлағаны туралы шағыммен келген. Көп ұзамай полиция қылмыстық іс қозғалғанын алға тартқанымен, боксшының өзі бұл сөздерді жоққа шағырды. Осы орайда тілшілер тағылған айыпқа екі айдан асса да Жанқош Тұраровтың неліктен бостандықта жүргенін сұраған.
«Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптамалар жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша зорлау фактісі расталған жоқ. 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағының негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданды. Қабылданған шешіммен Әуезов ауданының прокуратурасы келісті», - делінген полиция жауабында.
Жанқош Тұраровтың адвокаты да баспасөз конференциясында боксшының арызданушы бойжеткенді танитынын, бірақ онымен ешқандай қарым-қатынасы жоқ екенін алға тартқан.
Жанқош Тұраров кәсіпқой бокста 2009 жылдан бері өнер көрсетеді. Осы уақытқа дейін ол барлық 28 жекпе-жегінде жеңіске жетсе, соның 20-сында қарсыласын нокаутпен ұтқан. Үйленген, балалары бар.