Ол бұған дейінгі жарыстарының ешбірінде жеңіліп көрмеген
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Төрехан Сабырхан (67 кг) өзбек боксшысын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Алғашқы раундта боксшылар бір-бірінің әлсіз тұсын іздеп, көбірек барлаумен айналысты. Тиісінше соққылар да көп жұмсалған жоқ. Төрешілер бұл раундты белсендірек жұмыс істеген Акбар Ахмадовтың пайдасына шешті (4:1).
Есесіне қалған екі раундта Төрехан Сабырхан өзбек боксшысын аясуыз соққыға жығып, бас көтеруіне мүмкіндік берген жоқ. Қос раундта да төрешілер 5:0 есебін тіркеді. Жеңіс Қазақстанда.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанның тағы үш боксшысы жартылай финалға шыққан болатын. Ерлер арасында Диас Берікбай (48 кг) испан боксшысын 3:2 есебімен жеңсе, қыздар құрамасынан Әнел Абдрасилова (48 кг) мен Аружан Жаңабаева (63 кг) да келесі айналымға шықты.