Алаңда жан тапсырған футболшылар. Жаңа шығарылым!

«Хасанбой – профессор. Өте ыңғайсыз қарсылас»: Сәкен Бибосынов өзбек боксшысынан жеңілгені туралы

13.12.2023, 09:45

Екеуі үш рет кездесіп, екеуінде өзбек боксшысы жеңген

«Хасанбой – профессор. Өте ыңғайсыз қарсылас»: Сәкен Бибосынов өзбек боксшысынан жеңілгені туралы
скрин YouTube

Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов өзбекстандық Хасанбой Дусматовтан Азия ойындарында неліктен жеңілгені туралы айтты. Қазақстан бокс федерациясы өкілдерімен сұхбат барысында ол өзбек боксшысынан тактикалық тұрғыда ұтылғанын мойындады. 

Сәкеннің айтуынша, бапкері Хасанбой Дусматовқа қарсы алдын ала тактикалық дайындық жасап, нұсқау берген. Алайда, шаршы алаңда бірінші раундтағы жекпе-жектен соң төрешілер жеңісті өзбек спортшысына берген соң жоспар түбегейлі өзгеріпті. 

«Хасанбойға қарсы бапкерім тактика қойып берді. Бірінші раундта тапсырманың барлығын бұлжытпай орындадым деп ойлаймын. Соған қарамастан, бірінші раундта барлық төреші қарсыласыма жеңісті берген соң тактиканы аяқ асты өзгертуге тура келді. Егер бірінші раундта төрешілер жеңісті маған бергенде Хасанбой маған шабуылдауға көшетіні белгілі еді. Сол кезде ол менің ыңғайыма келетін еді. 5:0 ұтылып жатқан соң шабуылдау керекпін. Тактикамыз өзгеріп кетті. Бірінші раундта мен жақсы ойнадым. Тіпті нокдаун да болған секілді еді. Бірақ төрешілер есеп ашпады», - деді Сәкен Бибосынов. 

Ол Хасанбой Дусматовтың бокста кездейсоқ жүрген спортшы емес екенін атады. Айтуынша, өзбекстандық спортшы қазір өз салмағында әлемдегі ең үздік боксшылардың көшін бастайды.

«Хасанбой бокста текке жүрген біреу емес. Ол Олимпиада және әлем чемпионы. Жайдан жай адам Олимпиада чемпионы болмайды. Екеуіміз 3 рет кездестік. Оны қазақ боксшылары ұта алмай жүрген шақта мен басым түстім. Сол кезде бәрі мақтады. Кейін 2 рет ұтылғанда ұтқанымды бәрі ұмытып кетті. Оның кілтін табуға болады. Келесі кездесуде ұтамын деген сеніммен айта аламын», - деді Сәкен Бибосынов.

Бұдан бөлек, Сәкен шаршы алаңдағы өзінің басты қарсыласының ел арасындағы есімі туралы ой бөлісті.

«Өзбекстанда Дусматовты профессор деп атайды екен. Өзбек боксшылары мен бапкерлерден сұрасам, ол кез келген боксшымен шығар алдында оны ұзақ уақыт зерттейді. Негізі мен Азия ойындарында тактикалық жағынан ұтылып қалдым. Көбі оны бойы аласа, тек қос қапталдан ғана ұрады деп айтады. Бірақ, ол қай уақытта қалай ұру керектігін жақсы біледі. Өте ыңғайсыз боксшы. Осал емес», - деді Сәкен Бибосынов.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам