Олимпиада чемпионы менеджерлерімен дауласып жүр
Астанада өткен «Чемпиондар түні IBA» бокс кешінің басты оқиғасы – қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов пен оңтүстікафрикалық Джабулани Макхенсе арасындағы жекпе-жек болды.
Елеусінов менеджерлерімен болған дау-дамай салдарынан екі жылдан бері кәсіпқой рингте жұдырықтаса алмай жүр. Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған бүгінгі бокс кеші жолдастық кездесу саналғандықтан мұндағы нәтиже оның жекпе-жектер есебіне әсер етпейді.
Олимпиада чемпионының қарсыласы аса мықты болмаса да жекпе-жек жоспарланған алты раундқа созылды. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан жеңісті Данияр Ееусіновке берді.
Жекпе-жектен кейін қазақ боксшысы рингті және жанкүйерлерін сағынғанын, бүгінгі жұдырықтасуда бар күгін салмағанын айтып ағынан жарылды.
Айта кету керек, бүгінгі бокс кешінде Қазақстаннан барлығы 8 бокшы жекпе-жекке шығып, олардың төртеуі жеңіліп қалды. Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов мексикалық боксшыдан техникалық нокаутпен жеңілді.