Ол бұған дейін Азия чемпионатын үш рет жеңіп алған
Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында қыздар құрамасының өкілі Ұлжан Сәрсенбек украиналық боксшыны жеңді.
57 келі салмақта сынға түскен Ұлжан Украина өкілі Карина Вовкпен жұдырықтасқан. Үш раунд бойы қарсыласын қуып жүріп ұрған отандасымыз төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті, есеп – 5:0.
Осылайша Ұлжан Сәрсенбек Азия чемпионатының ширек финалына жолдама алып отыр. Оның келесі қарсыласы – вьетнамдық Нгуен Хуен Чан. Жекпе-жек 5 желтоқсанда өтеді.
Айта кетейік, Ұлжан Сәрсенбек Азия чемпионатын бұған дейін үш рет жеңіп алған. Атап айтқанда, 2021 жылы жасөспірімдер арасында чемпион атанса, 2022, 2023 жылдары жастар арасында топ жарды.