Ол Азия чемпионатының ширек финалында өзбек боксшысына есе жіберген еді
Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың аяғына операция жасатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Даңқты боксшысының өзі 1bol.kz тілшісіне денсаулығына қатысты мән-жайды айтып берді.
Еске салайық, жуырда ғана Бибосынов Таиландта өткен Азия чемпионатында өнер көрсетіп, ширек финалда жеңілген болатын.
«Азия чемпионатында рингке шығардың алдында бес минут бұрын жарақат алдым. Шегінуге жол жоқ, шаршы алаңға ауырсынуды басатын мазь жағып, жарақатпен шықтым. Сол себепті өзім ойлағандай ойын өрнегін көрсете алмадым. Елге оралған соң МРТ-ға түсірсек, аяғымның екі жерінең сіңірі жыртылып кеткенін анықтадық.
Сондықтан аяғыма операция жасаттым. Енді бір немесе бір жарым ай көлемінде қайтадан жаттығуды бастаймын», - деді С.Бибосынов.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов (51 кг) Азия чемпионатының ширек финалында өзбекстандық Асилбек Джалиловпен жұдырықтасып, төрешілер жеңісті бір ауыздан қарсыласына берген еді.