
Қос боксшы да Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасудан «қашып жүр»
Кәсіпқой бокстан орта салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы доминикалық Карлос Адамес (24-1-1, 18 КО) титулын қорғау үшін британдық Хамза Ширазбен (21-0-1, 17 КО) жұдырықтасты. Тартысты өткен жекпе-жекте жеңімпаз анықталған жоқ, төрешілер тең нәтиже тіркеді.
Кездесудің алғашқы екі раунды соққылар алмасумен, ашық төбелеспен өтті. Десе де, үшінші раундтан бастап бойы мен қолы ұзын Шираз шегініп жұдырықтасып, тек қарымта шабуылдармен ғана шектеліп отырды.
Адамес болса жекпе-жектің соңына дейін қарсыласын қуумен болды. Тек чемпиондық раундтарда (11 мен 12) ғана Шираз қашуын доғарып, боксшылар ашық айқасқа көшті. Десе де, үш төрешінің бірі жеңісті Адамеске, екіншісі Ширазға берсе, үшіншісі кездесу тең аяқталды деп шешіпті.
Осылайша, Адаместің чемпиондық белбеуі өзінде қалды. Боксшылардың промоутерлері енді қарымта матч өткізу мәселесін қарастыруы тиіс.
Айта кету керек, былтыр WBO ұйымы осы салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын Хамза Ширазбен жұдырықтасуға міндеттеген болатын. Алайда, британдық боксшының менеджерлері бұл жекпе-жектен қашып, Карлос Адаместі таңдады.
Карлос Адамес те Жәнібекпен жұдырықтасудан «қашып жүр» деуге болады. Қазақ боксшысы оны бірнеше рет жекпе-жекке шақырған. Алайда, доминикалық тарап келіссөз жүргізуге де келіскен жоқ.