
Қос боксшының арасында үшінші жекпе-жек болады деп күтілуде
Кәсіпқой бокстан жартылай орта салмақта әлемнің жаңа абсолютті чемпионы анықталды. Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен бокс кешінде Дмитрий Бивол Артур Бетербиевпен қарымта матч өткізіп, жеңіске жеті.
Айта кетейік, қос боксшы былтыр қазан айында жұдырықтасып, ол кезде төрешілердің шешімімен Бетербиев жеңімпаз деп танылған еді. Алайда, бұл шешім спорт сарапшылары тарапынан, тіпті Саудияның Көңіл көтеру жөніндегі басқармасының төрағасы Турки Әл эш-Шейх тарапынан да сынға ұшыраған. Ол желтоқсан айында матч-реванш болатынын жариялап, Бивол ұтса жанкүйерлер трилогия көретінін де мәлімдеді.
Ресейден шыққан қос боксшының арасындағы қарымта матч аса тартысты өтті. Алашқы екі раундта Биволдың соққылары көбірек дарыса, мұнан кейінгі төрт раундта Бетербиев белсенділігімен көзге түсті. Ал, қалған алты раундтың бәрінде Бивол қарымта шабуылдарымен соққыларын дәл тигізіп, төрешілерге ешбір күмән қалдырмады. Соған қарамастан, қапталдағы үш төрешінің біреуі тең нәтиже тіркеген. Қорытынды есеп – 114-114, 116-112, 115-113.
Осылайша Дмитрий Бивол жартылай ауыр салмақта IBF, WBC, WBO, WBA және The Ring белбеулерін түгел жеңіп алып, әлемнің абсолютті чемпионы атанып отыр. Бұл атақ бұған дейін Бетербиевке тиесілі еді. Сондықтан оның тағы да қарымта матч талап етуіне құқығы бар, яғни жанкүйерлер жақын уақытта расымен де трилогия көруі әбден ықтимал.