
Қадыров: Артур нағыз чемпион екенін дәлелдеген тұлға
Шешен Республикасының басшысы Рамзан Қадыров жартылай ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жекте Дмитрий Биволдан жеңілген Артур Бетербиевке қолдау білдірді.
«Өткен түнде Эр-Рияд кәсіби бокстың тарихындағы ең әсерлі айқастардың біріне куә болды. Бүкіл әлем асыға күткен жекпе-жек – Артур Бетербиев пен Дмитрий Бивол арасындағы реванш болды.
Бұл тек чемпиондық белбеулерді сарапқа салған жекпе-жек қана емес, мінездер шайқасы болды. Рингте өзіне тән қайтпас қайсарлық пен жойқын күшін паш еткен Артур Бетербиев тағы да әлемге өзінің заманауи бокстың ең қаһарлы нокаутшыларының бірі екенін дәлелдеді. Алайда бұл кеште ол жеңіліске ұшырады.
Иә, бүгін Артурдың рекордында бір жеңіліс пайда болды. Бірақ спортта мұндай сәттер болмай қоймайды. Дегенмен, ол әрдайым боксты сүйетін жандар үшін эталонды спортшы болып қала береді, себебі мансабында талай мықты қарсыласты тізе бүктірді.
Оның спорттық жолы – мінсіз шеберліктің, мызғымас рухтың және теңдессіз күштің символы. Ол бокстың Олимпіне шығып, қарсыластарын бірінен соң бірін жеңіп отырды. Әрбір жекпе-жегі жай ғана жеңіс емес, нағыз үстемдіктің көрінісі болды.
Спортта алға жылжу үшін қиындықтармен бетпе-бет келу міндетті, бірақ бұл жеңіліс оның есімін әлемдік бокс шежіресінен өшіре алмайды. Артур Бетербиев әрқашан қайтпас рух пен шынайы шеберліктің символы болып қала береді. Ол – тек жеңістерімен ғана емес, өз жолында кездескен кез келген сынаққа төтеп беру қабілетімен де нағыз чемпион екенін дәлелдеген тұлға.
Артур – болашақ буын боксшылары үшін үлгі. Ол тәртіп пен еңбектің биік жетістіктерге жетелейтінін дәлелдеді. Оның жетістіктері бір жекпе-жекпен өлшенбейді, себебі шынайы чемпиондар тарихта тек жеңістерімен емес, қиындықтарды қалай еңсергенімен де есте қалады.
Чемпионның рухын бір ғана кеш шайқалта алмайды. Артурға алдағы уақытта жарқын жеңістер мен үлкен жетістіктер тілеймін! Мен оның болашағы бұдан да жарқын боларына сенімдімін!», – деп жазды Қадыров Telegram-дағы арнасында.
Ол Артурдың болашақта бұдан да биік жетістіктерге жететініне сенім білдірді.