
Айбек пен Нұрбек Оралбайлар финалға айқассыз шықты
Болгарияның София қаласында кіші әлем чемпионаты аталып кеткен «Странджа» кубогында жартылай финалдық айқастар өтіп жатыр. Қазақстан құрамасынан әзірге сегіз боксшы финалға жолдама алды. Алайда солардың ішінде екі финалдық айқаста отандық былғары қолғап шеберлері бір-бірімен жұдырықтасады.
51 келіге дейінгі салмақта Даниял Сәбит Ниджат Хусейновті жеңді. Нақтырағы, екінші раундта қарсыласы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Ал 63,5 келі салмақтың финалында екі қазақ баласы кездеседі. Алдымен Ертуған Зейнуллин жартылай финалда жергілікті боксшы Викторио Илиевті 5:0 есебімен жеңіп, ақтық сынға жолдама алса, екінші жартылай финалда Мұхаммедсабыр Базарбайұлы ирландиялық Клэнси Динге мықтылығын мойындатты.
Сонымен қатар 71 келінің үздігі де қазақстандық боксшылар арасында анықталады. Абылайхан Жүсіпов жарақатына қарамастан италиялық Ронтани Гуидиден айласын асырды. Текетіреске толы болған жұдырықтасуда Абылайхан 3:2 есебімен жеңіске жетті. Жекпе-жек кезінде Абылайхан қабағынан аздаған жарақат алып, медициналық қызметкерге жүгінді.
Дәл осы салмақта Фарух Тоқтасынов та финалға шықты. Оның жартылай финалдағы қарсыласы Лорис Идризли жұдырықтасудан бас тартты.
Құрамадағы егіздер Айбек пен Нұрбек Оралбайлар да финалға айқассыз шықты.
Нұрбек 86 келіге дейінгі салмақтағы жартылай финалда шаршы алаң иесі Семен Болдыревпен, ал Айбек Оралбай британдық былғары қолғап шеберімен жұдырықтасуы керек болған еді. Алайда екеуінің де қарсыластары жекпе-жектен бас тартты.
Өкінішке қарай, 57 келіге дейінгі салмақтағы жартылай финалда Оразбек Асылқұлов өзбек боксшысын жеңе алмады. Оразбек өзбек боксшысы Худжаназар Нортожиевке жол берді. Есеп – 4:0. Осылайша, ол турнирдің қола жүлдегер атанды.