
Ол осы күнге дейін бірде-бір жарыста жеңіліп көрмеген
Бокстан жастар арасында әлем чемпионы және бірнеше дүркін Азия чемпионы, биыл ғана ересектер қатарына қосылған әйгілі боксшы Төрехан Сабырхан маңызды мәлімдеме жасады. Түркістан облысының тумасы енді Атрыау облысының атынан жарыстарға қатысады.
Бұл туралы спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Мен бұдан былай Атырау облысының намысын қорғаймын! Маған мұндай мүмкіндік берген Атырау облысы бокс федерациясының басшысы Бауыржан Каримовке алғыс айтқым келеді.
Барлығыңыз білесіздер, осыған дейін мен Түркістан облысының намысын қорғап, осы күнге дейінгі қол жеткізген жеңістерімді осы өңірдің боксшысы ретінде тіркедім. Ол үшін киелі Түркістан облысы федерация өкілдеріне рақмет айтамын.
Құрметті жанкүйер, мен алда ел ішінде Атырау намысын қорғағаныммен, сыртта бүкіл елдің, Қазақтың намысын қорғаймын! - деп жазды Төрехан Сабырхан.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан 2024 жылдың соңында жастар құрамасынан ересектер сапына ауысқан болатын.
Жасөспірімдер және жастар арасында ол төрт дүркін Азия чемпионы. Сондай-ақ, жастар арасындағы Азияның ең үздік боксшысы атағына қол жеткізген.