«Канело» мансабындағы ең мықты қарсыласы кім екенін айтты

22.03.2025, 00:21

«Канелоның» мансабындағы ең танымал қарсыластың бірі - Головкин

«Канело» мансабындағы ең мықты қарсыласы кім екенін айтты
instagram/gggboxing

WBC, WBO нұсқалары бойынша біріктірілген чемпион және екінші орта салмақта WBA чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (62-2-2, 39 КО) өмірінде қай қарсыласының соққысы ауыр болғанын еске алды.

«Канелоның» мансабындағы ең танымал қарсыластың бірі, тіпті бірегейі деп қазақстандық Геннадий Головкинді (42-2, 37 KO) айтуға болатын секілді. Екеуінің арасындағы трилогия бірнеше жылға созылғаны көпшіліктің есінде болар. 

Екеуара алғашқы жекпе-жек 2017 жылы өтіп, тең нәтижемен аяқталды. Ал 2018 жылы Сауль төрешілердің басым дауысымен жеңіске жетті. Арада төрт жыл өткен соң, 2022 жылы олар шаршы алаңда үшінші рет кездесіп, бұл жолы да төреші Альварестің қолын көтерді. Бірақ бұл нәтижелермен келіспейтіндер бар.

Өйткені қазақстандық былғары қолғап шеберінің жуан жұдырығы мексикалықты біраз есеңгіреткені рас.

Алайда Альварестің өзі мұнымен келіспейтін тәрізді. «Канело» карьерасында ең ауыр соққыны америкалық Джеймс Кирклендтен (34-3, 30 KO) алғанын алға тартты.

«Бәрі Головкин туралы айтады, бірақ дәл Кирклендпен жекпе-жектегідей өзімді ешқашан жайсыз сезінген емеспін. Соққылары қолдарыма тигенде, құдды біреу таспен ұрып жатқандай күй кештім. Мына жігітпен айқасты тезірек аяқтауым керек, әйтпесе жекпе-жектің соңына дейін соққыға жығады деп ойладым», - деді Альварес Secondsout-қа берген сұхбатында.

«Канело» мен Киркленд 2015 жылы кездесіп, айқас үш раундқа созылды. Альварес мансабындағы ең есте қаларлық нокауттардың бірін жасаған.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам