
Жартылай финалда жұдырықтасқан тоғыз боксшының алтауы жеңілген
Бакуде (Әзербайжан) бокстан дәстүрлі «Жібек Жолы» халықаралық турнирі өтіп жатыр. Жарыстың жартылай финалы анықталып, ақтық сынға жолдама алған боксшылардың тізімі анықталды.
Жартылай финалда Қазақстанның ерлер құрамасынан тоғыз боксшы жұдырықтасқан болатын. Алайда. Олардың алтауы жеңіліп, үшеуі ғана финалға шықты.
Сондай-ақ, қыздар құрамасынан да жартылай финалда тоғыз боксшы бағын сынап көрген. Олардың да тек үшеуі финалда алтын үшін рингке шығады.
Атап айтар болсақ, ерлер құрамасынан Бағлан Кенжебек (54 кг) жартылай финалда өзбек Шахзод Музаффаровты жеңді. 71 келіде өнер көрсеткен Нұрбек Мұрсал да Өзбекстан өкілі Сардор Абдумуталиповты жарыс жолынан шығарды. Ал, Санжарәлі Бегалиев (75 кг) ресейлік Амин Кушховтан басым түсті.
Қыздар құрамасынан финалда Анжа Садвакасова (52 кг), Элина Базарова (54 кг) және Виктория Байдукова (57 кг) өнер көрсетеді. Айта кету керек, Базарова мен Байдукова жартылай финалдағы жекпе-жектерін техникалық нокаутпен аяқтады.