
Қазақстандық бокс ардагерлері 6 маусымда жұдырықтасады
Қазақстандық танымал аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов желіде қызу талқыға түскен Мұхит Амантаев пен Әнуарбек «Мотиватордың» алдағы айқасына қатысты ойын бөлісті.
Спортшы арзан дүниемен шоу жасағысы келетін әріптестерінің әрекетін түсіне алмайтынын жеткізді.
«Өз басым кикілжің, ұрыс-керіс, артық сөз және біреудің ақысын жеу секілді дүниелерден алшақтаумын. Бірақ жастарымыз Әнуарбек пен Мұхиттың әр айтқан сөзін бақылап отырады. Соның бәрін көріп-білгендіктен де, олардың балалары, жақындары, ауылдастары, інілері не айтады екен деп ойлаймын. Бірақ атын шығару үшін ғана қолдан айқай-шу жасап жүретіндердің көбейе бастағанын білеміз. Сенің мықтылығыңды өзің емес, ел айтуы керек. Жақсылар «жақсымын» деп айта алмайтын, жамандар «жақсымын» деп айқалайтын заман болып тұр. Жігіттерге сәттілік деп айтамыз, бірақ әркімнің дәрежесі әртүрлі. Дәрежеге қарап несібең де беріледі», - деді Арман Оспанов.
Айта кетейік, қазақстандық бокс ардагерлері – «Мотиватор» лақап атымен танымал Әнуарбек Бекембетов пен Мұхит Амантаев 6 маусым күні жекпе-жек өткізеді. Былғары қолғап шеберлері Алматыда өтетін кәсіби бокс кешінде жұдырықтасады.